Шымкентте екі көлік соқтығысып, 9 адам зардап шекті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте екі  көлік соқтығысып, 9 адам зардап шекті. Жарақат алған 4 бала мен 5 ересек жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қайғылы оқиға түнгі 1:30-дар шамасында орын алған. Арғынбеков пен Бәйтерек көшелерінің қиылысында «Mq350»  мен «Дэу Нексия» маркалы көліктері бетпе-бет соқтығысып қалады. Салдарынан екі көліктегі жолаушылардың барлығы түрлі дене жарақатын алған. Олардың қатарында болған 4 бала қазір облыстық ауруханада жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, төртеуінің де жағдайы бастапқыда ауыр болған соң, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бүгін біреуінің беті бері қараған соң палатаға ауыстырылды.
 

«Бізге түскен науқас балалардың барлығы ағайынды азаматтардың балалары. Екеуі 13 , бірі 9, төртіншісі 3 жаста. Төртеуі де бас ми жарақатын алған, беттеріне зақым келген. Әсіресе, 13 жастағы қыздың жағдайы ауыр болып тұр. Бірақ аман қалады деген сенімдеміз. Тағы екеуі жансақтау бөлімінде. Жан-жақтан дәрігерлер келіп, емдік шараларын жүргізуде. Ал, үш жастағы баланың жағдайы қалыпқа түскен соң палатаға ауыстырдық»,-дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
 

Қос көлікте болған бес жолаушы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды.

«Бізге түскен науқастардың ішінде 17 жастағы қыз, 33 және 40 жастағы әйелдер мен 24 және 19 жастағы ер азаматтар бар. Олардың барлығы жедел неирохирургия бөлімшесіне жатқызылған болатын. Себебі, барлығы да түрлі дене жарақатын алған.  24 жастағы жігіт ауруханада ем қабылдаудан бас тартып, кетіп қалды. Өзгелеріне алған жарақаттарына байланысты емдік шаралары көрсетілуде»,-дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
 

Жол-көлік оқиғасына орай мәлімет берген Облыстық ІІД баспасөз қызметі «Дэу Нексия» автокөлігінде 7 жолаушы болғанын хабарлады. Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің  345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуымен»  іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ сот-медициналық бірнеше сараптамалар тағайындалған. Жарамсыз күйге түскен қос автокөлік айыптұраққа жеткізіліп, жол апатының кімнің кінәсінен болғаны анықталуда.