Шымкентте ертең көктайғақ болып, қатты жел соғады - ТЖД

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қалалық төтенше жағдайлар қызметі Шымкентте тұрғындарына 22 желтоқсанда көктайғақ болып, қатты жел соғатынын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал. Жел күшейген кезде ғимараттардан сыртқа шығуға шектеу қойып, іште болу керек. Балаларды ерекше бақылауға алып, қараусыз қалдырмау өте маңызды» делінген ескерту хабарламасында.

Айта кетейік, қалада екі күннен бері қатты жел соғып тұр. Дауылдың салдарынан жарық сөніп, кей жерлерде шатырларды ұшырып кеткен болатын.

Қазір қалалық әкімдік пен ТЖД қызметкерлері, коммуналдық қызмет өкілдері орын алған төтенше жағдайды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ал, метеорологтар ауа райының қолайсыз болуынан бүгін де жолдардың жабылып қалғанын хабарлауда.

«21 желтоқсанда сағат 14:30-дан бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Шымкент» (593-632 км, Түлкібас ауданы) тас жолында метеорологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты (көрінуі 0 м., бұрқасын жел, көктайғақ, боран) барлық автомобильдерге жол жабылды. Ұзақ сапарға шығар алдында «112» немесе 33-74-84 телефон арқылы шұғыл кезекшілерден жағдайды біліп алыңыздар!» делінген хабарламада.