Шымкентте газеттің бас редакторы сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте газеттің бас редакторы алаяқтығы үшін сотталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ғани Өміралиевті 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қоғамдық бақылау» газетінің бас редакторына бастапқыда  Қылмыстық кодекстің 194 бабы 4 бөлігі «Бопсалау» бойынша айып тағылған болатын. Алайда, сот отырысы кезінде оның қылмысы 190 бабы 4 бөлігі «Алаяқтық» деп өзгертілген. Сондай-ақ айыпталушы Қылмыстық кодекстің  390 бабы «Билік өкiлiнiң немесе жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иемденіп алу» бойынша кінәлі деп танылды. Екі бап бойынша ол бес жыл көлемінде орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтейтін болды. 

Еске салайық, бас редактор осы жылдың 17 шілдесінде  кәсіпкерден 5 млн теңге бопсаламақ болған кезінде ұсталған еді. Өзін Мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты экономикалық тергеу бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған журналист кәсіпкерге қамқорлық жасаймын деп ақша талап еткен. Сөйтіп облыстық прокуратураның жанында кәсіпкерден 100 мың теңгесін алып жатқан жерінен облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қызмет басқармасының өкілдері мен облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ұстаған еді. Тінту кезінде редактордың  қалтасынан 100 мың теңге мен өңірлік Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері деген жалған куәлік табылған. Кейіннен белгілі болғандай, журналист алаяқтық әрекет жасау мақсатында кәсіпкер Муковниковке ойын бизнесіне қамқорлық жасаймын деп, одан бас-аяғы 5 млн теңге сұрағаны расталды. 34 жастағы  газеттің бас редакторы Облыстық ІІБ уақытша тереу абақтысына қамауға алынды, тергеу амалдары үш айға созылды.