Шымкентте іздеуде жүрген күдікті ұсталды
13:15, 13 Наурыз 2017
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Оңтүстік Қазақстан олыстық ІІД баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, сезікті қасақана ауыр дене жарақатын салу қылмысына қатысы бар болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық ІІБ қызметкерлері 28 жастағы күдіктіні желтоқсан айынан бері іздеген. Белгілі болғандай, ол үш ай бұрын жергілікті тұрғынмен сөзге келіп, оған пышақ сұққан. Кейін оқиға орнынан қашып кетіпті. 26 жастағы тұрғын болса алған ауыр дене жарақатынан ауруханаға түсті.
Осы оқиға бойынша ішкі істер қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 106 бабы «Қасақана ауыр дене жарақатын салумен» іс қозғап, күдіктіге іздеу жарияланған еді. Қазіргі таңда қолға түскен сезікті уақытша тергеу абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдің тәртіп сақшылары іздеуде жүрген 37 қылмыскерді қолға түсірген.