Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына қатысып, паркті аралап көрді. Мұнда жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметі, парк қызметкерлердің жатақханасы, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған. Барлық талаптарға жауап беретін заманауи жаңа автобус паркімен танысқан қала басшысы бұл жобаның қоғамдық көліктердің кедергісіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Біз тұрғындарға берген уәдемізді орындадық. 300 автобус келді. Қоғамдық көлік - қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл соңына дейін 700 автобус келеді. Сол кезде қоғамдық көлікпен байланысты мәселе шешіледі. Жалпы, қалада қоғамдық көлік саласын реформалау басталды», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Айта кетейік, жобаның операторы болып «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ анықталып отыр. Ал, әріптестері ретінде «БРК-Лизинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» АҚ белгіленген. Жалпы құны 31 млрд теңге болатын жобаның 20% жергілікті бюджеттен төленсе, 80% «БРК-Лизинг» АҚ есебінен қаржыландырылған. Сондай-ақ, жоба аясында жол ақысын төлеудің «Оңай» электрондық жүйесін орнату жоспарлануда.
Қаладағы автобустарды жаңалау үшін аталған парк жыл соңына дейін жаңа 1000 автобуспен толықтырлады. Бүгінгі күні жоспарланған 300 жаңа автобустың 160-ы жеткізілсе, қалған 140 автобус шілде айында жеткізілетін болады. Қазақстанда құрастырылған жаңа автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған.
Автобустың жалпы сыйымдылығы 56 адам, ұзындығы 8,5 метрді құрайды. Аталған парктен қала күніне орай 138, 153 бағыттағы автобустар жолға шықты.