Шымкентте қалалық мұрағаттың жаңа ғимараты ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қалалық мұрағат ғимараты ашылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Қаладағы «Нұрсәт» шағын ауданынан орын тепкен жаңа ғимараттың құрылысына облыстық бюджеттен 525 миллион теңге қаражат бөлінген. Заманауи үлгіде тұрғызылған ғимараттың жалпы қорында 100 мыңға жуық жеке құжат сақталған. Жалпы сыйымдылығы 500 мың сақтау бірлігіне арналған шымкент қаласында ашылған жаңа мұрағат қоймасына тағы да 400 мың құжат сыяды. Шымкент қалалық мұрағат мекемесі 1992 жылы құрылған. Мұрағаттың алғашқы құрылған жылдарында қажетті құрал жабдықтар мен құжат сақтайтын қойма, маман жетіспеушілігі сияқты қиыншылықтар болды. Қазіргі таңда облыстағы нысандарда барлық жағдай жасалған. Олар керекті құрал-жабдықтармен және компьютерлермен қамтамасыз етілген.

Биыл Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Созақ, Түлкібас және Мақтарал аудандарындағы мұрағат мекемелері күрделі жөндеуден өткен болатын. Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағат қызметіне келесі жылы 90 жыл толады. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 мемлекеттік мұрағат мекемесі бар. Мұндағы құжаттарды сақтау қорлары жыл сайын 30 мың бірлікке артуда.