Үш қабаттан тұратын ғимаратта интернет-кафе мен емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі мен кинозал, кітапхана бар. Сондай-ақ, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) аймақтарымен және балаларға арнап жабдықталған ойын бөлмелерімен қамтылған. Мұнда егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттар мен белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар, денсаулық жағдайына байланысты жартылай стационарлық жағдайда жүрген жандарға қызмет көрсетіледі. Орталықта 70-ке жуық қарт тәуліктің күндізгі 4 сағатында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер ала алады.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мен Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалар өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Аталған құжат бойынша орталыққа келетін қариялардың өткен өмірлік тәжірибесін үлгі өнеге ретінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың бойына сіңіру көзделген. Олардың қоғам алдында өздерін жауапты тұлға ретінде сезінуі мен өз елінің патриоты болуы бағытында бірқатар мәдени іс-шаралар жүзеге асырылмақ.