Шымкенттік бизнес өкілдері жер қатынастары, салықтық және кәсіпкерлік бастамаларды мемлекеттік қолдау салаларындағы кедергілерге жиі шағымданған. Жыл басынан бері департаменттің ұсынысы бойынша кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың 6 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Департамент қызметкерлері «Бизнеске жол» жобасы аясында 700-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғап, 2 600-ден астам бизнес өкілімен 55 кездесу өткізген.
«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне кәсіпкер негізсіз 7 ай бойы жер учаскесін жалға беруді ұзартудан бас тартқан мемлекеттік органға шағымданды.
Департамент мүдделі тараптармен кездесу өткізіп, ұсынымдар енгізілді. Қорытындысы бойынша әкімдік жалдау мерзімін 10 жылға ұзартты» - деді департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев брифингте.
Брифингте қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова өткен жылы кәсіпкерлер палатасының қарауына 200-ге жуық өтініш келіп түскенін жеткізді. Оның ішінде 63,8 пайызы оң шешімін тапқан.