Шымкентте клиентін алаяқтық жасауға үгіттеген адвокат сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте клиентіне жалған сөйлеп, алаяқтық жасауға үгіттеген адвокат сотталды. Қаратау аудандық соты қорғаушының бас бостандығын 4 жыл мерзімге шектеді, деп  хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, адвокат азамат Е.А.-ға «Toyota» маркалы автокөлігін белгісіз біреулердің  ұрлап кеткендігі жөнінде полиция бөліміне жалған мәліметпен арызданып, қылмыс жасауға кеңес берген. Автокөлікті тығып қойған жағдайда «Kaspi Сақтандыру» АҚ-дан сақтандыру полисі арқылы қомақты қаражат алуға болатынын  айтып, оны жалған сөйлеуге үгіттеген. Алайда қорғаушының арам ойы іске аспай, өтірігі әшкере болды. Тергеу барысында оның заңсыз әрекеттері толығымен дәлелін тапқан.

Ол  ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі және 419-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас  бостандығын  шектеу  жазасы тағайындалды.  Сонымен бірге ҚК-нің 50-бабын қолдану арқылы 3 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, пробациялық  бақылау  белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.