Еліміздің премьер-лига командалары қатысқан жарыста Шымкенттің «Қазығұрт» командасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жарыс екі бағытта, атап айтқанда, супер- лига және жоғары лига командалары арасында өрбіді. Супер-лигада «Қазығұрт» командасы мен Астананың қол добы шеберлері кездесіп, Жандос Ошақбаев баптайтын алаң иелері 40-30 есебімен алтын медальді жеңіп алды. Құрама сапында ерекше өнерімен көзге түскен қол добы шебері Асқан Өксекбаев чемпионаттың үздік спортшысы атанды. Қола медальді Ақтөбенің «Намыс» командасы еншіледі. «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубының директоры Рүстембек Қожанов чемпион командаға тиесілі сыйлыққа ие болды. Ал, Жоғары лига командалары арасындағы алтынға талас алты команданың арасында өрбіді. Шешуші кездесуде Қостайдан келген гандболшылар Қарағанды қаласының спортшыларын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені олжалады. Қола медаль алаң қожайындары «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубына бұйырды. Осылайша «Қазығұрт» клубы екінші жыл қатарынан ел чемпионы атанып отыр. Енді құрамаға алынған спортшылар Азия чемпионатына қатысады деп күтілуде.