Шымкентте көлік қаққан балалар: Екі жеткіншек палатаға ауыстырылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте көлік қағып кеткен екі бала жансақтау бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Бұл туралы Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, кеше жол-көлік оқиғасы салдарынан ауруханаға 6 және 11 жасар екі қыз түскен. Алған жарақаты ауыр болғандықтан екеуі де бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

«6 жасар қыз бас ми жарақатын алған, жағы сынған. Сондай-ақ, 11 жасар қыз да бас ми жарақатымен түсті. Оның бас сүйегі жарылған, шүйдесі сынған. Екеуі де емін толықтай алды. Жағдайлары қалыпқа түсті. Бүгін бөлімшеге ауыстырдық»,- дейді Болат Нұсқабаев.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы кеше күндізгі сағат 15.30 шамасында болған. Шымкенттегі автотұрақтардың бірінде «Opel Kadett» автокөлігінің жүргізушісі кәмелет жасына толмаған 6 баланы қағып кетіп, салдарынан ауыр соққы алған екі жеткіншек ауруханаға жеткізілді. Ал, қалған 4 бала үйіне қайтарылған.

Қалалық ПД осы оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалғанын, аталған жайт бойынша ҚР ҚК 345-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілгенін хабарлады.