Тілсіз жау қаланың орталығындағы Түркістан көшесіндегі тұрғын үйдің бірінде орын алған. Пәтерлердің бірінен өрт шығып, тұрғындар өрт сөндірушілерді шақыртқан. Оқиға орнына келген бөлімше қызметкерлері ауданы 42 ш.м. пәтердің бір бөлмесінде үй заттары жанып жатқанын көреді. Оны сөндіруге жеке құрамнан 27 адам мен 6 өрт сөндіру техникасы және штабтық автокөлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, апаттар медициналық орталығының қызметкерлері де көмекке келді.
Олар қызыл жалын салдарынан үйдің тұрғындары түтінге тұншығып, сатымен сыртқа шыға алмай қалғанын көреді. Осыдан кейін үшінші және төртінші қабаттарға 2 үш иінді сатыны қойып, құтқару жұмыстарын жүргізген.
Бас-аяғы 38 адамды, оның ішінде 13 баланы аман алып қалды. Ешкім жарақат алмаған. Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді түрде әрекетінің нәтижесінде жалынның көрші пәтерлерге жалғасуына жол берілмеді.