Шымкентте көпқабатты үйден өрт шығып, 5 жасар бала көз жұмды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте көпқабатты үйден өрт шығып, 5 жасар бала көз жұмды. Пәтердегі көк түтінге тұншыққан баланы дәрігерлер аман алып қала алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілсіз жау көпқабатты үйдің үшінші қабатында пайда болған. Алдын ала болжам бойынша, пәтердегі газ қазандығы жарылып, өрт үйді шарпыған. Осы кезде үйде бес жасар бала болыпты. Қара түтінді көрген көршілері дереу өрт сөндірушілерді шақыртқан. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен тәріп сақшылары да жеткен. Қызыл жалынды ауыздықтауға 5 сөндіру техникасы мен 10-нан астам қызметкер жұмылдырылды.

Полицейлер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері подьездегі өзге тұрғындарды да сыртқа шығарды. Ал, түтінге тұншыққан балаға дәрігерлер көмек көрсеткенімен, кеш болды. Ол есін жимаған күйі жантәсілім етті. Қазір өрт толығымен сөндірілді. Дегенмен өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері жалынның шығу себептерін анықтап жатыр.