Шымкентте коронавирус анықталған екі адам да науқастармен байланыста болған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 адам да науқастармен байланыста болған, деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

Вирусты жұқтырған 1979 жылғы әйел адам мен 1977 жылғы ер азамат өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған, сол үшін карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысы оларға COVID-19 диагнозын қойды.
Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.
21 сәуірдегі жағдай бойынша қалада COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 92 адам анықталды.