Қалаға қарасты Маятас елді мекеніндегі тұрғындар дәл осындай күйге тап болған. Тұрғындар шығаратын күл-қоқысты «Қыран» әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативі мен «Нұр Олжа» жекеменшік серіктестігі аталатын қос бірдей мекеме тасымалдайтын көрінеді. Нәтижесінде қара халық қайсысына ақы төлерін білмей дал. «Қызмет үшін қарызсыңдар» деген олардың бірі тұрғындарға сот алды ескерту хатын үлестіріп үлгеріпті.
«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кебін киген 500-ге тарта түтіні бар Маятас қалаға соңғы жылдары қосылған елді мекендердің бірі. Бұл ауылдан күл-қоқыс та кем шығатынын, өйткені көкөніс қалдығы малға азық, қағаз-қорабының отқа тамызық екендігін айтады жұрт. Тек соңғы үш жылда ғана халық қоқыс тасымалдайтын компания қызметіне жүгіне бастапты.
Аядай ғана ауылдан осылайша қос мекеме жарысып жүріп, қоқыс жинайды. Қат-қат түбіртек те қабаттаса келіп түседі.
«Екеуара түсінбестіктің зардабын неге біз көруіміз керек», - дейді ашынған жұрт. Ауыл азаматтарының табысы аз. Көбі көпбалалы отбасы санатынан. Әр үйде кемі алты, көбі он балаға дейін жететінін айтады қара халық. Ал әлеуеті әлжуаз топ қос мекемеге бірдей төлем жасауға қауқарсыз көрінеді. Ендігі жетпегені сотқа бару деп отыр.
Компанияның бірі мәселені сот шешеді деп, қазыға жүгінсе, екіншісі таңдауды халықтың еркіне берген жөн деп отыр.
Мәселенің мәнін шенеуніктер түсіндіргендей болды.
- Кәсіптің бұл түрі еркін айналымға жіберілген. Кім қайсысын таңдайды. Халық өзі шешеді. Біз тұрғындарды мәжбүрлемейміз. Кәсіпкерлерге де кедергі келтіре алмаймыз. Сондықтан, «келісіп пішкен тон келте болмайды». Кім қайсы компанияны таңдайды, соның қызметіне жүгіне берсін, - дейді Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов.
Ерлан Жүнісбайұлы