Шымкентте «Қошқар ата Сейілі» фестивалі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте наурызды тойлау басталып кетті. Бүгін көне шаһардың Қошқар ата өзенінің бойынша «Қошқар ата Сейілі» фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір ғасырлық тарихы бар «Қошқар ата сейілі - 2018» фестивалі ерекше өтті. Бұрынғыда Сейілді тойлау кезінде тоқшылық болсын деп қойды құрбандыққа шалған болса, бұл жылы ұйымдастырушылар асыл тұқымды қойларды көрсетумен шектелді. Сондықтан барлық ауданнан ең жақсы қойларды алып келінді.
  

Көне көктем мерекесінде қала тұрғындары түрлі асыл тұқымды жануарлардың көрсетілімін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысты. Фестиваль барысында ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар ұйымдастырылды. Қаланың мықты деген жігіттері қой көтеруден жарысты.
 

Мерекенің қонақтарына арналып ұлттық тағамдардан дайындалған мол дастархан жайылды. Оларды дайындауға ОҚО-ның этномәдени орталықтарының бәрі дерлік түгел атсалысты. Дастарханда тоқаш, тәтті бәліштер, талқан және көктем мерекесінің басты мәзірі - наурыз көже болды. Өзен бойына жиналған қауым бір біріне жылы лебіздерін білдіріп, ән-жырдан шашу шашты.