Шымкентте ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің көшпелі отырысы басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Бүгін Шымкент қаласында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі жалпы отырысы басталды. Кеңестің жұмысына Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысуда,  деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы отырыстың күн тәртібінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясындағы қазіргі қазақстандық жастардың құндылық пайымдары және өзекті аспектілері мен жастардың мәдени-демалыс қызметтерін ұйымдастыру жайы қаралды. Жиында қоғамдық сананы жаңғырту және жастардың мәдени- демалыс қызметтерін ұйымдастыру туралы Дін істері және азаматтық қоғам, Мәдениет және спорт министрлері мен «Жас Отан» жастар қанатының, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

Кеңес мүшелері Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын мақұлдады. Жиын қорытындысында  ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар министрліктер мен әкімдерге тиісті тапсырламалар берді.

«Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне  Алматы, Астана қалалары мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп жастардың мәдени-демалыс орындарын қажетті материалдық-техникалық базамен нығайту, спортпен шұғылдануына жағдай жасау, спорттық мәдени үйірмелерге тегін қатысуына қолдау көрсету, еліміздің Мәдениет және спорт,  Білім және ғылым министрлігіне жастар арасында  кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, мұражайға  баруына жағдай жасау,  жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына, насихатталуына жағдай жасау, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жастар саясатының даму барысы және жастарға қолдау шаралары туралы ақпарат тарату,  жастарға жеңілдіктер мен төмен бағалар жайлы, сол орындардағы жұмыстар  жайлы алдын ала таныстырып отыруды тапсырамын», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.