Шымкентте Құрбан айт күні 2 мал сою бекеті жұмыс істейді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Құрбан айт күні  2 мал сою бекеті жұмыс істейді. Бірі облыстық мешітте болса, екіншісі «Қайып ата» ет комбинатында орналасқан.

 Бұл туралы өңірдің бас имамы Ахметжан Керімбеков мәлім етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бас имам сондай-ақ құрбандық шалудың талаптарына тоқталды. Дін өкілінің сөзінше, қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да союына болады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

«Тапқаны күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтын, сондай-ақ сапарда жүрген кісілерге құрбандық шалу шарт емес. Қадап айтар ең негізгі шарт, Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, құрбандық малы тек қана етін пайдалану үшін емес, ең бастысы, ол құрбандық ғибадаты үшін шалынады»,-деді Ахметжан Керімбеков.

      Ал, Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, намаз оқуы арқылы  Алладан дұға тілеуі сауап саналады.  Бас имам сондай-ақ биылғы жылы айт намазы оңтүстік өңіріндегі барлық мешіттерде таңғы 7.30 басталады деп отыр.