Шымкентте құрылыс бөлімі мен ЖШС 170 млн теңгені жымқырды деп күдіктелуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро «Шымкент қалалық құрылыс бөлімі» ММ басшылығы, мердігер компания «Строй Сервис-7» ЖШС және өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар 2013 жылы Шымкент қаласындағы Бадам өзенінің жағасын абаттандыру үшін бөлінген 170 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.

Ұрланған қаражат жалған кәсіпорындар арқылы қолма қол ақша түрінде алынып, қылмысқа қатысушылар арасында бөліске салынған.

Аталған факт бойынша аталған мемлекеттік мекеме басшысы Е.К. Бұхарбаев ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

«Строй Сервис-7» ЖШС басшылары К.А. Орашев және У.В. Шимиров, сонымен қатар техқадағалаушы С.Е. Смаханова кінәсын мойындап, келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Қазіргі уақытта олар мемлекет кірісіне 50 млн теңге аударды. Осыған байланысты, оларға қатысты «кепілдік» шарасы тағайындалды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.