Шымкентте қылмыстық топ мүшелері отызға тарта адамды алдап, 100 млн теңге алған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қылмыстық топ мүшелері отызға тарта адамды алдап, 100 млн теңгелерін алған. Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант ақша мен төмен пайызбен несие алып береміз деп сендірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департаментіне 30 шақты адам арызданған. Олар алаяқтардың арбауына түсіп, әр бағыттағы қызметтері үшін 100 мың теңге мен 750 мың теңге аралығында ақша бергенін айтқан. Осылайша жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 100 млн теңгені құраған. Тәртіп сақшылары жан-жақты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында 6 адамнан құрылған топты анықтады.

«Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты ҚР ҚҚ-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. 4 күдікті ұсталып, оларға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. Ал, бір сезікті Нұр-Сұлтан қаласының сотымен 3 жыл 6 айға сотты болып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Тағы бір айып тағылған күдікті тұлға Әл-Фараби аудандық сотынан бой тасалауына байланысты мемлекетаралық іздеуге жарияланған» делінген қалалық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.