Шымкентте «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалі өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалі өтуде. Арбат демалыс аймағында ұйымдастырылған шарада саудагерлер мен қолөнершілердің ежелгі керуені жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль барысында флористер дайындаған шоқгүлдерден фотокөрме қойылып, балғындардың қылқаламынан туындаған суреттер галлереясы ұйымдастырылды. Шарада қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

«Қызғалдақ фестивалі қаламызда халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қызғалдақтың отаны - еліміздің Оңтүстігі екенін мақтаныш етеміз. Сондықтан, осынау әсем гүлді брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы Шымқаланы танып-білсе деген мақсатпен фестивальді ұйымдастырдық», - деді қала әкімі.

Фестиваль аясында сондай-ақ шеберлер қаласы ұйымдастырылып, арбаттың бойы қызғалдықпен көмкерілді. Балалар өздері қызығып жүрген өрт сөндіруші, полиция, дәрігерлер секілді маман иелерімен жүздесіп, жұмыстарымен танысты. Флористер шеберлік сабақтарын өткізіп, сән көрсету, лотерея ойыны ұйымдастырылды. Шараның соңы эстрада жұлдыздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Көпшіліктің көңілін көтеруге арналған фестиваль кешке дейін жалғасатын болады.

Айта кетейік, «Қызғалдақ жолы» фестивалі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында өтуде.