Халық қалаулыларының шымшаһарға келудегі мақсаты - Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру барысымен танысу. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында Бадам өзенінде салынып жатқан көпірдің жұмысымен танысты. Өткел Қонаев гүлзарының жалғасы ретінде жүзеге асып жатыр. Оның жүзеге асуы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 3-ші кезеңнің жұмыстары атқарылуда. Қалған кезеңдер бойынша жобалау жұмыстары жалғасуда. Қалған жұмыстардың құрылысына 4 042 297 теңге бөлу туралы ұсыныс республикалық бюджетке жолданған.
«Бұл объект қала үшін ғана емес, ел үшін де өте маңызды. Өйткені көпір екі үлкен мегаполис - Шымкент пен Ташкентті байланыстырып, екі ел арасындағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан, барлық мәселелер тез арада шешіліп, нысан мерзімінде пайдалануға беріледі деген сенімдеміз», - деп атап өтті топ жетекшісі Дархан Мыңбай.
ҚР Мәжіліс депутаттары бұл күні сондай-ақ, «Сәуле» мөлтекауданындағы №76 мектепте болды. Қазіргі таңда білім ұясының жанынан қосымша 300 орындық оқу ғимараты, спорт залы, шеберхана мен асхана ғимараттары бой көтеруде. Жаңа ғимаратты пайдалануға беру уақыты 2019 жылдың 25 мамыры деп жоспарланған. Халық қалаулылары білім ошағының ұжымымен кездесіп, жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Депутаттар сапары барысында өндірістік алаңдар мен ауылшаруашылық қожалықтарында еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарға қабылдау өткізеді деп күтілуде.