Шымкентте мектеп оқушылары кинологтардың жұмысымен танысты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласының мектеп оқушыларына арнап кинологиялық қызмет орталығына экскурсия ұйымдастырды. Балаларға қызметтік полицей-иттердің жаттығуларын көрсетіп, кинологтардың жұмысымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Аталған іс-шара есірткіге қарсы күрес және жастар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, қылмыскерлерді ұстауда және қылмысты ашуда иттердің қызметін насихаттау болды. Мектеп оқушылары қызметтік иттерді ұстайтын орындарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Кинологтар мен қызметтік иттер өздерінің есірткі затын, жарылғыш заттарды табу, сондай-ақ, бірнеше бұйрықты орындау секілді жұмыстарды қалай атқаратынын көрсетті.

 

Тәртіп сақшылары экскурсия барысында оқушыларға кинологтар немен айналысатынын және полицияда қызмет атқаратын иттердің түрлері қандай болу керектігін әңгімелеп берді. Полицейлер төртаяқты көмекшілердің ең басты қаруы қылмысты ашуға иіс сезу және есту қабілетінің мықты болу керектігін атап өтті.

 

Кездесу соңында мектеп оқушылары тәртіп сақшыларына өздері қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Балалар иттер қалай қылмыс ашқаны мен қылмыскерлердің ізіне түскенін ерекше қызығушылықпен тыңдады.