Шымкентте мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 219 көпқабатты үйдің аулаcы абаттандырылған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жалпы саны 1 252 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары бар болса, олардың 52 пайызы абаттандырылған. Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 219 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Ерлан Айтахановтың айтуынша, келер жылы шаһарда ауқымды іс-шаралардың жоспарлануына байланысты абаттандыру және тазалық мәселесіне аса мән берілетін болады.

«2020 жылы жаңадан 4 саябақтың құрылысы жүргізілетін болады. Олар: Бұрыңғы қоқыс полигоны аумағында, Әкімшілік-іскерлік орталығы, №1 автожол бойында және Қасірет мемориалының жанында. Қошқар ата өзенінің жағалауы абаттандырып, көпшілік демалыс аймағына айналады. Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, »Шәмші аллеясы« қайта құрудан өтеді. Көл аумағындағы фонтан да заманауи үлгіде қайта құрудан өтетін болады. Ал, Ташкент, Түркістан және Бозарық бағыттарындағы қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады»,- деді Ерлан Айтаханов.

Сондай-ақ, қалада 176 негізгі көше жарықтандырылған. Келесі жылы шалғай елді мекендерде орналасқан 39 көше жарықтандырылады деп күтілуде. 2020 жылы әр ауданға 1 млрд теңгеден қаржы берілмек. Бұл қаржыға көпқабатты тұрғын үй аулаларында 163 ойын және 79 спорт алаңшалары жөнделеді. Нәтижесінде, 2020 жылы абаттандырылған аулалар саны 80 пайызға жетеді.