Шымкентте мешіттегілердің қалтасына түскен ұры ұсталды
18:17, 29 Наурыз 2018
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері жыл басынан бері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 50-ге тарта ұрлықты ашты. Бөтеннің мүлкін иемденген бес қалта ұрысын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қолға түскендердің бірі облыс орталығындағы мешіттерде ұрлықпен айналысып жүрген. Ол кезекті бір қылмыс жасау кезінде 27 жастағы жәбірленушінің қалтасынан 30 мың теңгенің ұялы телефонын қолды еткен. Осы кезде оны полиция қызметкерлері ұстап алды.
Қазіргі уақытта күдіктінің шамамен 20 ұрлыққа қатысы барлығы анықталып отыр. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: ibirzha.kz