Шымкентте мұғалім мектептің шатырында асылып қалды
Қаратау аудандық прокуратурасының мәліметінше, полицияға хабар 26 қыркүйек күні сағат 17.43-те түскен.
Анықталғандай, 58 жастағы азамат И. Мәртөбе ауылындағы №27 мектепте он жылдан бері математика пәнінен сабақ беріп келген. Оның отбасы мүшелері де, атап айтқанда, 55 жастағы әйелі, 33 жастағы ұлы мен келіні осы білім мекемесінде мұғалім болып істейді. Ұлы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екені анықталды.
Шатырда асылып тұрған азамат И.-ді туысқан інісі көрген. Кейіннен полиция шақырған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілерін таппады. Қазір бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігінде («Өз-өзін өлтiруге дейiн жеткiзу») көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы Қаратау аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - делінген Қаратау аудандық прокуратурасының хабарламасында.