Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ондаған көше мен темір жол көпірлерінің асты, тұрғын үйлер мен ашық алаңдарда осындай жағдайлар қалыптасқан. Жарық сөніп, бағдаршамдар істемей тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Әкімдіктің мәліметінше Қобыланды, Алпамыс батыр, Жүсіпов, Өтегенов, Терешкова және Төле би сияқты бірнеше көше суға толып кеткен. Сонымен қатар Қожанов көшесіндегі тұрғын үй мен Ленгір тас жолындағы көпірдің асты, Жаңаша моншасының ашық алаңдарында қаланың коммуналдық қызметі тарапынан су сору жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараларды «ЛТД-Тұрмыс», «Югдорсервис», «Бәйтерек Л.Б», «СМД-Құрылыс» мекемелері атқаруда. Жалпы саны 60 адам мен 22 техника, оның ішінде 10 су сорғыш көліктер жұмылдырылған. Құм толтырылған 300-дей қап су басқан аумаққа жеткізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Төлеметов көшесінде су сору жұмыстары жүргізілуіне байланысты Бәйдібек би даңғылы 3 сағатқа жабылғанын хабарлаған болатынбыз.