Шымкентте оқушылардың дұрыс тамақтануы мәселесі талқыланды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Оқушылардың дұрыс тамақтануы» мен «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер жобасы» тақырыбында конференция өтті. Келелі басқосуды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментенті мен Денсаулық сақтау басқармасы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлері, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мамандары және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен мектептегі медицина мамандары қатысты. Кездесуде мектеп оқушыларының денсаулығын жақсарту мақсатында енгізілген жобаларды жүзеге асыру барысы мен оның артықшылығы, тиімділігі туралы айтылды. Аталған жоба оқушылардың денсаулығын нығайту мен дұрыс тамақтануын, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық деңгейін төмендету мақсатында жасалған. Сондай-ақ, мектеп медицинасының денсаулықты нығайтуға ықпалын жақсартуға бағытталған. Бүгінгі күні аталған жоба қаланың 17 мектебінде іске асырылуда. Сондай-ақ, конференцияда Қазақ ұлттық тамақтану академиясы ұсынған оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар туралы айтылды. «7-18 жас аралығын бала мектепте өткізеді. Жоғары ақыл-ой және дене жүктемелерімен қоса, ағзаның қарқынды соматикалық өсуі дәл осы уақытқа тұспа-тұс келеді. Сондықтан, мектеп асханасында тамақтануды тиімді ұйымдастыру өскелең ұрпақтың денсаулығын дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді. Толыққанды және теңгерімді тамақтану аурулардың алдын алуға, жұмыс қабілеттілігі мен үлгерімінің артуына, балалар мен жасөспірімдердің дене және ақыл-ойдың дамуына ықпал етеді, олардың өмірге бейімделуіне жағдай жасайды. Мектептерде төрт апталық ас мәзірін әзірлеу принциптерге негізделген»,- дейді сала мамандары.