Шымкентте отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған жиын өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласы əкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртайдың төрағалығымен «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында жиын өтті.

Маңызды жиында Жастар ресурстық орталығынан құрылған «Аутрич, NEET жастармен жұмыс» бөлімінің атқарған жұмыстары айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясындағы тапсырмалардың орындалу барысы сөз болды. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен бала жəне отбасы мүшелерінің зардап шегуінің алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл бағытта аталған жоба аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

Сала мамандарының сөзінше, жыл соңына дейін аталған бөлім қызметкерлері ауқымды жұмыстар атқарады. Әр шағынаудан бойынша тұрғын үйлермен әлеуметтік нысандар саны, орын алған құқықбұзушылықтар, маскүнемдер мен жұмыссыздар, жабық топтардың нақты ақпараттары жинақталмақ.

Сондай-ақ, аудандар бойынша келеңсіз жағдайлардың алдын алу және оқиға болғанда хабарлама қалдыратын ортақ чат құрылатын болды. Олардың саны қазірдің өзінде 51-ге жетіп отыр. Осы жүйе арқылы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, күресу көзделген.