Шымкентте өткен балалар жәрмеңкесіне 90-нан аса жас кәсіпкерлер қатысты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі аясында балалар жәрмеңкесі өтті. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан ұйымдастырылған шараға 6 - 14 жасқа дейінгі 90 болашақ кəсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арбатта өткен жәрмеңкеге «Shymkent» ӘКК басқармасының басшысы Рашид Аюпов арнайы келіп, балаларды мерекемен құттықтады, олардың ата-анасына алғыс білдірді. Жәрмеңкені аралап, балалардың еңбегімен танысқан ол жас баланың қолынан шыққан бұйымдардың бірін сатып алды.

«Бұл жәрмеңке осымен екінші рет өтіп жатыр. Өткен жәрмеңкеге қатысқан 70 баланың саны бұл жолы 90-ға артты. Біз алдағы уақытта балалардың жұмысын саралап, бірнеше бағытты дамытуға басымдық береміз», - деді Рашид Аюпов.

Дайындық барысында балалар «Shymkent business school Y17» атты бизнес-мектебінде тренингтен өтті. Олар саудадан түскен қаржының 10 пайызын нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында робототехника кабинетін жабдықтауға жұмсамақ. Қазіргі таңда ол бөлмені ашу жөніндегі жоба жасалып, оны қаржыландыру қажеттілігі туындаған.

Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер әлемнің 100-ден астам елінде өткізіледі. Оған қатысу барысында балалар көшбасшылық, шешім қабылдау, қарым-қатынас дағдылары мен жауапкершілік сияқты қасиеттерді меңгереді.