Шымкентте өткен «Қазақ дастарханы» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Қазақстан халқы Ассамблеясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйытқы болуымен өткен шара аясында облыстық 20 этномәдени бірлестік қазақтың ұлттық тағамдары қойылған достық дастарханын жайып, ет асудан аспаздық шеберліктерін көрсетті.
Өңір басшысының құттықтауын жеткізген ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі М.Қалмұратов өз сөзінде: «Өткен тарих пен қазіргі берекелі заманды саралаған жанға бүгінгі шараның мәнін түсіну аса қиын емес. Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың салдарынан қазақ еліне жер аударылғандар алдыңғы буынның кең пейілі мен берекелі дастарханының арқасында осы күнге аман-есен жетті. Бүгінде біз бәріміз бір халықпыз. Бәріміздің туған жеріміз біреу, ол - дархан Қазақ даласы»,- деп атап өтті.
Этностарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру арқылы қазақстандық бiрегейлiк пен бірлікті, этносаралық келiсiмдi қамтамасыз етуді көздеген шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дін өкілдері мен белгілі спортшылар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, аудан, қала делегациялары мен БАҚ өкілдері және Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Оңтүстікқазақстандық этномәдени бірлестік өкілдерінің ет асудағы кәсіби шеберліктерін бағалаған қазылар алқасы III орынға -өзбек, татар-башқұрт, қырғыз этномәдени бірлестіктерін, II орынға - «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі мен түрік этномәдени бірлестігін лайық деп тапты. Ал I орынды ұйғыр этномәдени бірлестігі еншілесе, ал Бас жүлдеге иран этномәдени бірлестігі ие болды.