Шымкентте өткен жылы қаза тапқан шекарашыларды еске алуға арналған қаралы митинг болып өтті
17:57, 20 Желтоқсан 2013
ШЫМКЕНТ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шымкентте өткен жылдың желтоқсан айында бортында әскери қызметкерлер болған АН-72 ұшағының Шымкенттен 30 шақырым қашықтықта әуе апатына ұшырауы салдарынан қаза тапқан шекарашыларды еске алуға арналған қаралы митинг болып өтті.
Қаза тапқан 27 шекарашының есімдері жазылған ескерткіш тасқа гүл шоқтарын қоюға ондаған адам келді. Олардың арасында қаза тапқандардың туыстары, қызметтестері және ауыр қазаға немқұрайлы қарамайтын оңтүстік шаһардың қарапайым тұрғындары бар.
Бір минут үнсіздіктен кейін жиналғандар ұшақ құлаған жерге барды. Ол жерде қазір ескерткіш орнатылған. Қаза тапқандардың қызметтестері атап өткендей, алдағы уақытта мұнда Еске алу саябағын салу жоспарлануда.