Шымкентте өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесі өтуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Ташкент қаласының тауар өндірушілерінің екі күндік көрмесі басталды. Оған көршілес елдегі 230-ға жуық кәсіпорынның 1 мыңнан астам өнімі мен тауарлары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Атап айтқанда, көрші елдің кәсіпкерлері тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, металургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз, киім және тоқыма саласына қатысты өнімдер, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншықтар әкеліпті.

Аталған іс-шара аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов бастаған делегациямен кездесті. Онда әкім Өзбекстан кәсіпкерлерімен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бір мыңнан астам яғни, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен құрылыс материалдарын өндіру, медицина және білім беру салаларында табысты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Өзбекстандық кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Біздің аймақ бизнесті дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленеді. 2010 жылы Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар, облысымыздағы 11 индустриялды аймағында кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесу Шымкент пен Ташкент кәсіпкерлерінің арасында болашақ жемісті ынтымақтастықтың негізі болады деп үміттенемін», - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығынан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланысының нығая түсетініне сенім білдірді.

«Бүгін біз 900-ге жуық тауар түрін назарларыңызға ұсынатын боламыз. Дегенмен, бұл біздің барлық әлеуетіміз дегенді білдірмейді. Алдағы басқосуларымызда да табысты жетістіктерге бірге жетеміз деген үміттемін. Жалпы, Қазақстан мен Ташкент арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстанның Ташкентпен арадағы сауда айналымы 500 млн. АҚШ доллары болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже бойынша аталған сома 150 млн. АҚШ долларына көбейіп отыр», - деді Нозим Хусанов.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстаннан Өзбекстанға бағытталған экспорттың басым бөлігі мұнай және оның өнімдері мен ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, астық, қара және түсті металл, цемент, трансформаторлар, органикалық емес химия және азық-түлік өнімдері болып табылады. Ал көрші елден бізге жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, мақта талшығы, тоқыма және дайын тігін өнімдері, тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластмасса бұйымдары, ағаш және гипс пен өзге де түрлі материалдар мен маталар импортталуда.