Шымкентте полицейлер қарт суретшінің көмегімен талай қылмысты ашты

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алғыс айту күнінде Шымкенттік полицейлер 80 жастағы Нұрсейіт Ибрагимовті құттықтады. Қылқалам шебері жарты ғасыр бойы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қылмыстарды ашуға көмектесіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз ісінің маманы Нұрсейіт ақсақал бейнелеу өнерінің хас шебері. Ол елу жылдан астам уақыт бойы іздеуде жүрген қылмыскерлердің фотороботын салып, қылмыстың ашылуына көмектесіп жүр. Сондықтан тәртіп сақшылары суретшіге күдіктінің келбетін қағазға түсіру үшін үнемі оның көмегіне жүгінеді. Осылайша Нұрсейіт Әлімбайұлы қаншама қылмыскердің ұсталуына қолғабыс етіп, ұсталғандары өз жазасын алуда.

Мәселен, өткен жылы бір әйел мектептен бала ұрлап кетті. Осы кезде қария куәгерлердің айтуымен күдікті әйелдің фотороботын салып берді. Сол арқылы күдікті әйелді бір күннің ішінде полиция ұстап, қамауға алды.

Бұдан бөлек ақсақал мереке күндері гүл сатып тұрған жігітті атып кеткен қылмыстың ашылуына да өз септігін тигізді. Ол қылмыскерді табу үшін оқиға болған жерге барып, базарда тұрған куәгерлердің айтуы бойынша күдіктінің фотороботын салып берген.

Бір аптадан кейін суреті салынған сезікті тәртіп сақшыларының қолына түсті. Қылқалам иесі салған суреттің арқасында қылмыс ашылып, қылмыскер тиісті жазасын алды.

Осындай ерен еңбегін ескерген Әл-Фараби ауданының полицейлері Нұрсейіт Ибрагимовқа кәсібилігі мен еңбекқорлығы үшін алғысын айтып, мықты денсаулық пен өнердегі кәсібіне табыс тіледі. Өз кезегінде сексенді алқымдаған ел ағасы полицейлерге дән риза болып, жұмыстарына табыс, қылмыстардың көптеп ашылуын тіледі. 

 

Соңғы жаңалықтар