Мәлім болғандай, бұл мәселеге бас қатырып жатқан құзырлы орган жоқ. Мысалға, Темірлан тасжолындағы полиция бекетінің қаңырап бос тұрғанына 2 жылға жуықтаған. Оның іргетасы үгітіліп, есігінің тұтқасы түсіп қалған. Онымен қоса, айналасында жануар қаңқасы мен бос бөтелкелер шашылып жатыр. Бір қызығы жолдың қарсы бетінен тағы бір полиция бекеті ашылған. Бірақ ол да көп ұзамай ешкімге керек болмай қалған.
«Көзімізге іліккен келесі бекет әл-Фараби көшесінде орналасқан. Бұл нысанның жағдайы шынымен де аянышты. Терезесі түгел сынған. Маңы қоқыс полигоны секілді. Қираған бекет қазір аялдамаға айналған. Қоғамдық көлік жолаушыны осы жерден жинап жатыр. Ал адам аяғы саябырсығанда көлеңкесінде қаңғыбас иттер тынығады», - деп хабарлайды телеарна.
«Мына ауруханаға сан мәрте келдім. Жұмыс істегенін әлі күнге көрмеппін. Бұзақылар келіп терезесін сындырғанын өз көзіммен көрдім», - дейді қала тұрғыны Махамбет Датқаев.
Ал бекеттер маңдайшасында полиция деп жазылғанымен, тәртіп сақшылары нысандар өздерінің меншігіне жатпайтынын айтуда. Себебін стандартқа сай еместігімен түсіндірді. Ал облыс және қала әкімдігінің өкілдері бұл мәселеге мардымды жауап қатпады. Сондықтан мемлекет қаржысына салынған бекеттер күйі басы ашық қалып отыр.