Шымкентте роботтар сайысты

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Roboshym-2018» бірінші ашық ғылыми-техникалық чемпионаты өтті. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен қалалық жарысқа оқушылармен қатар колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында Қазақстан инновациялық дамуы мен жедел технологиялық жаңғыру жолы айтылған болатын. Осы орайда оңтүстіктің оқушылары мен жастары ақпараттандыру саласы бойынша техниканы терең меңгеруге талпынып, ашық ғылыми-техникалық чемпионатқа қатысты. «Қазроботикс» федерациясының өңірлік филиалы ұйымдастырған шарада бағын сынаған үміткерлер өз жобасын екі бағыт бойынша корғап шықты.

Алдымен «kazrobosport» бағыты бойынша роботтары кедергіден мүдірмей жүріп өтті. Екіншісі бағытта әрбір қатысушы төл туындысы «kazroboprojekt-те» сыналды. Төрешілер әр бөлімде үміткерлерді қатаң қадағалап, еңбектеріне баға берді.

Чемпионат қорытындысында жеңімпаз атанғандар облыстық жарысқа жолдама алды. Ал, облыстан жеңіске жеткендер осы жылдың қазан айында Петропавл қаласында өтетін республикалық чемпионатқа қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар