Шымкентте «Рухани жаңғыру» тақырыбын жазатын үздік журналистер анықталмақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Рухани жаңғырудағы БАҚ-тың маңызы» байқауының жеңімпаздары анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын анықтау мақсатында комиссия отырысы өтті.

Байқау барысында Шымкенттегі «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың БАҚ арқылы көрсетілген ақпараттар мен бейне материалдар ұсынылған болатын. Онда «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Бәсекелік қабілет», «Прагматизам», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» бағыттарына сәйкес материалдар мамандар тарапынан сараланды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалуына қолдау көрсетіп, оны халық арасында кеңінен насихаттаған журналистердің еңбектерін бағалау комиссия мүшелеріне оңайға соқпаған. Басты талаптар ретінде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, «Рухани жаңғыру» құндылықтарын БАҚ арқылы кеңінен насихаттауға көңіл бөлінген.

Байқаудың қорытындысы ресми түрде 20 желтоқсан күні жарияланады деп күтілуде.