ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат - Шымкентте садақ атудан Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде батысқазақстандықтар жүлделі орындардан көрінді.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа Алматы, Атырау, Талдықорған, Шымкент, Текелі (Алматы облысы) және Орал қаласынан барлығы 100 спортшы қатысты.
Жекелей біріншілікте 70 метрлік олимпиадалық айналымда нысана көздеуден батысқазақстандықтар Жүзім Ғалымжанова мен Анастасия Баннова алғашқы екі орынды иеленсе, ерлерден Сағадат Нұғман мен Игорь Ковалев екінші, үшінші жүлдені бөлісті. Командалық есепте Анастасия Баннова, Жүзім Ғалымжанова, Гүльфат Кеңесова жеңімпаз атанды. Микстан (аралас жұп) Анастасия Баннова мен Ғалимат Қуанышқали үшінші орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).