Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, аталған жоба Кәсіпкерлер палатасы және «Silkway» халықаралық университетімен бірлесіп қолға алынып отыр. Аталмыш жоба осы университетің базасында жүзеге асырылмақ. «Біз отандық өндірушілердің 169 компаниясылары мен сауда желілерінің, сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен базарлардың шарттары мен талаптарына сараптау жүргіздік. Барлығында бір жалпы проблема байқалады, ол – өнімді өткізу проблемасы. Бұл сауда инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен саудамен айналысатын кәсіпкерлердің құзыреттілігі нарықтың нақты қажеттіліктеріне жауап бермейтінін көрсетеді. Енді бұл мамандар оқыту курсынан өтіп, кәсіпкерлік нысандарда еңбектенетін болады»,- дейді Палатаның директоры. Мамандардың сөзінше, бүгінгі таңда сату бойынша мамандарды Қазақстандағы бірде-бір оқу орны даярламайды. Бірқатар кәсіпорындар өткізу тізбегін дамыту және сатуды ұлғайту мақсатында (шетелдік кеңесшілерді тартады. Ал, аталған университетте тауарларды өткізу, сату және логистика жөніндегі менеджерлер даярланады. «Кәсіпорындардың саудасын дамытуда маркетингтің әсерін, сондай-ақ сату саласындағы құзыреттерді дамытудың маңыздылығын ескере отырып, біз кәсіпорындардың құзыретін күшейту қажет деп санадық. Осыған байланысты біз «Сауда академиясын» құру бастамасын ұсындық», - деп атап өтті Палата директоры. Бизнеспен бірге әзірленген оқыту курсының бағдарламасы кең контингентке есептелген (студенттер, түлектер, компания қызметкерлері, кәсіпкерлер және т.б.), оқу мерзімі - тәжірибелік сабақтарға басымдық берілген 4 ай, оқыту аяқталған соң тыңдаушыларға сертификаттар табысталады. Жастар курстарды кешкі мезгілде оқитын болады. Оқыту бағдарламасы барлық қажетті құзыреттерді қамтиды деп жоспарланған. Атап айтқанда, сауда нысандарын басқарудың кәсіби дағдылары, көтерме, бөлшек, интернет-кеңістіктегі сауда, сатып алу-сату бойынша мәмілелерді ресімдеу, қол қойылатын шарттарды құқықтық қамтамасыз ету, өткізу бойынша шаруашылық-қаржылық операциялар, баға және тауар саясатын жүргізу, лизинг операциялары, маркетинг және т.б. Бұл жобаға оқыту үдерісіне қатысуға, тәжірибе базаларын ұсынуға, сондай-ақ курс түлектерін жұмысқа орналастыруға дайын ірі компаниялар жұмылдырылмақ. Осы компаниялардың ішкі нарықта және шетелде сату саласында табысты тәжірибесі бар өкілдері дәріс оқытушылар ретінде тартылатын болады.
19:13, 18 Желтоқсан 2019
Шымкентте «Сауда академиясының» жобасы таныстырылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте келер жылдан бастап сату мамандарын даярлау бойынша оқыту курсы іске қосылады. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев «Сауда академиясы» жобасының таныстырылымында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.