Шымкентте Семей полигонына арналған ескерткіш тақта ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жуырда Семей полигонының құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Жиынға екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен әскери қызметкерлер жəне БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш тақта қаланың орталығындағы Ж.Тəшенов және Бекет Батыр көшелерінің қиылысында орнатылды. Салтанатты шара барысында қалалық ішкі саясат жəне дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков сөз алып, ескерткіштің мегаполис тұрғындары үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Мұнан соң «Ядролық соғыс қаупінен Отан қорғаушы-ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Мəмбетов жиналғандарды тарихи ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін оның құндылығы жоғары екенін атап өтті.Еске салайық, биыл Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толып отыр. 1991 жылдың тамыз айында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Аталған полигонда 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ жүргізіліп, қаншама адам құрбан болды. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Семей ядролық сынақ полигонында əскери борышын өтеген мыңнан астам ардагер тұрады.