Шымкентте «Шам» шығармашылық орталығы ашылды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Өлең өлкесіне енді қадам басқан жас ақындар үшін Шымкентте «Шам» шығармашылық орталығы ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ізденіс иелері бұдан былай өз туындыларын ешбір кедергісіз осы орталықтың көмегімен жариялай алады. Ал, ақындық әлеміне іңкәр сезім жетегінде жеткен жеткіншектерге Қалқаман Сарин сынды республикаға танымал қаламгерлер қуат бермек. «Шам» орталығы ақындық өнердің ұмыт бола бастаған бағыттарын қайта жандандырып, жас ақындардың талабын шыңдау, олардың тырнақалды туындыларын басып шығаруға қолдау көрсету үшін ашылған. Орталықтың алдағы міндеттері туралы сөз еткенде Сүндет Сейітов жас ақындарды ұлттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. «Сөз түзелмей, көш түзелмейді». Ақындардың қалам сілтесі, тіз тазалығына мұнда жіті мән берілмек. Поэзияға жаны жақын жастардың бұл кеште қарасы қалың болды. Қазірдің өзінде тұщымды ойларымен бөлісіп, ауқымды әрі, тың жобаларды іске асыруға дайын. Бұл орайда «Шам» орталығы жалындаған жастарға үлкен шығармашылық төріне жетелейтін дара жол болмақ.