Шымкентте Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған ән байқауының нәтижелері шығарылды
18:00, 18 Тамыз 2010
ШЫМКЕНТ. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Шымкентте өткізілген белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орайластырылған «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының нәтижелері шығарылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасай отырып.
Гран-при жүлдесінің иегері түркістандық әнші Нұржан Жүсіпбеков болды. «Ол 1 миллион теңгеге ие болып, қыркүйек айында Астанада өткізілетін Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» республикалық байқауына қатысуға жолдама алды», - деді ОҚО мәдениет басқармасынан. Бірінші орынды шымкенттік Мәдина Исламова иеленіп, 750 мың теңге сыйақы алды. Екінші орынды «Өркен» ансамблі мен шымкенттік Айжан Жолымбетова бөлісті. Олардың әрқайсысы 500 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынды Сайрам ауданынан Жанғали Әбішев, Шымкенттен Назерке Маябасова мен Қазығұрт ауданының тумасы Нұрбек Қожатов иеленді. Оларға 250 мың теңгеден ақша берілді.