Шымкентте шөлмектегі ауыз судың бағасы 12,9 пайызға қымбаттаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда үш маусымның қорытындысы бойынша алкогольсіз сусындар мен минералды су өндірісі 7 пайызға өскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандық компаниялар 989,3 млн литр минералды және газдалған сусын шығарған. Бұл былтырғы жылға қарағанда 6,4 пайызға көп.

Басқа алкогольсіз сусындар өндірісі де өсті - үш маусымда 449 млн литр (бір жылда 6,7%) шығарылған.  

Ауыз су өндірісі 2016 жылдан бері өсіп келеді. Басқа алкогольсіз сусындар секторында 2016 жылы құлдырау байқалса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша сала қайтадан өсімге шықты.

2018 жылдың қазан айына қарай Қазақстанда бөтелкедегі судың бір литрінің бағасы орта есеппен алғанда 80,9 теңге болды, бұл 2017 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 4,8 пайыз көп.

Еліміздегі ірі қалалар арасында ауыз суға ең қымбат баға Алматы қаласында (бір литр үшін 92 теңге, жылына +5,7 пайыз), Таразда (бір литрі 89 теңге, жылына +6 пайыз) және Атырауда (бір литрі 88 теңге, жылына +4,8 пайыз) тіркелген.

Баға өсімі әсіресе Шымкентте қатты байқалған - бірден 12,9 пайызға артты. Салыстырмалы түрде, Талдықорғанда жылдық баға өзгерген жоқ (бір литр үшін - 78 теңге).

Ең арзан ауыз су Орал қаласында (бір литрі 58 теңге, жылына +5,5 пайыз), Қарағандыда (бір литрі 62 теңге, жылына +3,3 пайыз) және Жезқазғанда (бір литрі 69 теңге, жылына +1,5 пайыз).