Шымкентте сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік дәрігерлер сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа алғаш рет күрделі ота жасады. Хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуды болдыртпайтын ем тәсілін қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 қалалық ауруханаға жатқызылған науқас буындары ауырсынатынын, дене бітімі кішірейгенін және бойы шөккенін айтқан. Онымен қоса бүйректің созылмалы сырқатынан 9 жыл гемодиализ қабылдаған. Медициналық тексеру барысында науқаста кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталып, дәрігерлер шұғыл күрделі ота жасауға шешім қабылдайды. Клиника базасында қалқаншамаңы безі артерияларының эмболизациясы жасалды.

«Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, сәтті ота жасап шықтық. Сүйек буыны қанындағы паратгормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып, әр аптада қан талдауға алынады», - дейді нефролог-дәрігер Мадияр Қыстаубаев.

Тың әдіспен жасалған операция сәтті аяқталып, нәтижесінде ауырсынуы басылған. Қазір науқастың жаңдайын дәрігерлер қалыпты деп бағалауда.