Шымкентте стенд атудан спорттық ойындар басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте стенд атудан республикалық ІV жастар спорттық ойындары басталды. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Қызылорда, Маңғыстау, Астана және Алматы қалаларынан келген 100-ден астам жас спортшы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Спорттық шара 15 жастан жоғары жастар мен ересектер арасында өтуде. Атқыштар екі жаттығу - дөңгелек стенд және компакт-спортинг бойынша бақ сынасады. Жарыста XVII Жазғы Азия ойындарында топ жарған Анастасия Давыдова, Мария Дмитриенко, Оксана Середа және Андрей Могилевскийлер өз мергендіктерін танытуда.

«Алда 2018 жылы Азия ойындары өтеді. Джакартада өтетін ойынға мықты деген спортшыларды дайындау мақсатымыз бар. Биылғы жылы тамыз айында «ЭКСПО-2017» жарысы өтеді. Ол жерде VII Азия чемпионаты болады. Онда жастар, жасөспірімдер және ересектер арасынан мықтыларды іріктеп аламыз. Бүгінгі күннің өзінде спортшылардың дайындығы жоғары деп айтуға болады»,-дейді республикалық ату спортынан олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Асан Әуесханов.

Айта кетейік, дүбірлі дода стенд ату спортын насихаттау және азаматтық қаруға деген қызығушылықты көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Спорт ардагерлері іздерінен ерген жас мергендерге тегіс ұңғылы мылтықтан атуды үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі таңда нысана көздеушілердің қатары сирек болғандықтан, елімізде бұл спорт түрін мейлінше дамыту ісі қарқын алған. Ал, байрақты бәсеке маусымның 5-іне дейін өтеді деп күтілуде. Озып шыққан спортшылар республиканың құрама командасында ойын көрсететін болады.