Шымкентте террористік әрекеттер кезінде 60-тан астам адам зардап шекті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында террористік әрекеттер кезінде 60-тан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Зардап шеккен азаматтар туралы ақпаратты қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан растап отыр.

Оның айтуынша, түрлі жарақат алған әскерилер, полицейлер мен болып жатқан жайтты бақылауға келген қарапайым тұрғындар ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ, полиция департаментінің мәліметінше, бұзақылар тәртіпсіздік кезінде қару қолданып, тас лақтырған.

«Көшедегі бейнебақылау камерасынан мемлекеттік нөмірі жоқ жеңіл көліктен белгісіз біреулердің қару-жарақты өзара таратып алып жатқанын байқалады. Содан соң қаруланғандар әкімдік пен «Метро» сауда желісіне қарай бағыт алған, - деген ақпарат таратты «Хабар 24».

Қала әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, бүгінде арандатушылар ұсталып жатыр.

«Ұсталғандар оларға ақша төленгенін және энергетикалық сусын ұсынғанын айтты. Аталған сусынды ішкеннен кейін олар өз әрекеттерін бақылауда ұстай алмаған. Осы орайда ата-аналардан балаларына бақылауды күшейтуге шақырамын», - деді Шыңғыс Мұқан тілшілерге берген сұхбатында.

Қазіргі уақытта қалаға келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Себебі бұзақылық салдарынан Шымкентте тек әкімшілік ғимараттар ғана емес, одан бөлек бизнес және әлеуметтік нысандар да зардап шеккен.

«Бірнеше мемлекеттік және бизнес нысанына шығын келтірілді. Дегенмен қазір қалада жағдай тұрақты, уайымдауға себеп жоқ. Тұрғындарды сақ болуға және сабырға шақырамыз», - дейді Ш. Мұқан.