Шымкентте төрт тойхана шектеу талаптарын сақтамаған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 4 тойхана көп адам жиналатын іс-шараларды өткізуге белгіленген шектеу талаптарын сақтамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы «жасыл» аймақта орналасқан, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, коронавирус инфекциясымен ауырғандар аз тіркелгені байқалады.

«Қазіргі уақытта қолданыстағы Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қазан айындағы №33 қаулысының талаптарына сәйкес салтанатты, естелік, отбасылық (банкет, үйлену тойы, мерейтойлар) іс-шараларын өткізу үшін қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» болуы керек. Банкет залдары Ashyq жобасына қатысқан жағдайда жұмыс режимі шектелмей жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Онда орын 50% - ға дейін, 100 орыннан аспайтын жағдайда өткізіледі.

Басқа жағдайда банкеттер мен басқа да салтанатты іс-шараларды өткізуге тыйым салынады», делінген хабарламада.

Осындай шектеуге қарамастан, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысының талаптарын бұзатын объектілер бар (объектінің қызметкерлері бетперде режимін сақтамаған және іс-шараға қатысушы саны лимиттен асып кеткен.).

11 желтоқсанда Қаратау ауданындағы Сайрам елді мекеніндегі «Наурыз» тойханасы, 18 желтоқсанда «Жастар» тойханасы, 19 желтоқсанда Бәйдібек би көшесінде орналасқан «Алатау» тойханасы және сол күні Еңбекші ауданындағы Ерімбетов көшесіндегі «Дәстүр» тойханасында той өткізілген.

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

«Шымкент қаласының «жасыл» аймақта тұрақты болуына қарамастан, көп адам жиналған шара өткізілуге болмайды, санитарлық-эпидемиологиялық және карантин шаралары сақталмаса жағдай кез келген уақытта нашарлап кетуі мүмкін», делінген хабарламада.