Шымкентте тозығы жеткен көпір ақыры бұзылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қорғасын зауыты аумағындағы тозығы жеткен көпір бүгін бұзылды. Теміржол мамандары салмағы 50 тонна болатын қос бетон плитаны арнайы техниканың көмегімен алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғасын зауыты аумағындағы қараусыз қалған көпірді біреулер шетінен үгітіп, ішіндегі темір тіреулерін кесіп әкеткен болатын. Сөйтіп, апатты жағдайға жеткізген. Салдарынан  көпір астымен өтетін  60-тан астам жүк және жолаушылар пойызына қауіп туған еді.  Осы мәселеге орай «Қазақстан теміржолы» АҚ  мен Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп, көпірді орнынан алып тастады. Монтаждау жұмыстары алты сағаттай уақытта жүргізілді.  Барлық  шығынды "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы көтеріп отыр.
 

Айта кетейік, аспалы көпір өткен ғасырдың 70-ші жылдары қорғасын зауытының жұмысшыларына арнап салынған. Өйткені кәсіпорын еңбеккерлері  теміржолдан өтетін болған. Кейін зауыт жұмысы тоқтап қалған соң, көпір қараусыз қалды. Кейіннен қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі зауыт аумағындағы құлауға шақ қалған мұнара мен тозығы жеткен аспалы көпірді апатты деп танып, оны бұзу туралы шешім қабылдаған болатын.