Шымкентте «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасының гала концерті өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуына арналған гала концерт өтті. Салтанатты шара «Түбі бір түркілер» хореографиялық-пластикалық композициясымен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Түркі елдерінің өнерлі жастарының басын қосқан жиынға «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы хатшысының орынбасары Фират Пурташ қатысып, Түркістанда мəдени жылдың өз деңгейінде өткенін айтты. Сонымен қатар, жыл көлемінде еңбек сіңірген мəдениет жəне өнер ұжымдарының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Құсейіновтың арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

Марапатталған тілшілердің арасында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі Айнұр Ақбаева да бар. Мерекелік шарада сондай-ақ Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва Республикалары және Қырымнан арнайы келген өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Шара соңы облыстық филармония мен опера және балет театрының әншілері және барлық қатысушылар орындаған «Түркістан - түркі әлемінің астанасы» атты әнмен аяқталды.



Айта кетейік, күні кеше Түркістан қаласында 35-ші ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның шешімімен 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы - Түркия Республикасының Кастамону қаласы болып бекітілді. Салтанаты жабылу шарасы барысында «Түркі әлемінің мәдени астанасы» символы мен туы Түркиялық қонақтарға тапсырылды.