Шымкентте TURKSOY ұйымына мүше елдер фотосуретшілерінің көрмесі ұйымдастырылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының аясында TURKSOY ұйымына мүше елдер фотосуретшілерінің көрмесі өтті. Көрмеге Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейдің Башқұртстан, Татарстан, Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби және халықаралық дәрежедегі он бес фотосуретшінің 100 үздік туындысы қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.


Үш күнге созылған кездесуде фотоөнер шеберлері Түркістан, Кентау қалалары, Отырар, Сайрам, Шардара, Қазығұрт, Төле би, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас аудандарындағы тарихи орындар мен демалыс орындарымен танысып, суретке түсірген болатын.

Көрменің мақсаты - еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, сәулеттік ескерткіштерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, облысымыздың тарихи орындары мен әсем табиғатын фотосурет арқылы насихаттау болды.
 

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған TURKSOY халықаралық ұйымының өкілі Шахноза Бурханидинова биылғы іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне ризашылығын білдірді. «Сіздерге алғасымыз шексіз. Оңтүстік Қазақстан облысы негізі бір, тілегі ортақ, түркі жұртының халықтар арасындағы достық байланыстарын орнатуға, нығайтуға сүбелі үлес қостыңыздар. Сондай-ақ, бүгінгі іс-шараға қатысып отырған фотосуретшілерге шығармашылық табыс тілеймін»,- деді Шахноза Бурханидинова.
 

Өз кезегінде көрмеге арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, фотосуретшілерді марапаттады. «Міне, бүгін үздік фотоөнер туындыларынан жасақталған көрмеге жиналып отырмыз. Алдағы уақытта осы туындылардың фотоальбомы шығарылып, халыққа кеңінен насихатталатын болады. Жалпы фотоөнер дегеніміз - фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер. Сонымен қатар, фотоөнер - журналистиканың ұшқыр саласы. Ол - қасқағым сәттің шежіресі», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
 

Айта кетейік, бұған дейін түркі әлемінің «Наурыз» халықаралық ақындар айтысы, «Бұраң бел» би және «Күлкі жәрмеңкесі» фестивалдері ұйымдастырылған болатын. Аталған іс-шаралар Халықаралық театр фестивалі және XIV-ші ТҮРКСОЙ фотосуретшілерінің кездесуімен жалғасын тапты.